Студенттік өмір - әр адамның жадында ерекше естеліктерімен жатталып, қызығы мен шыжығы мол, талай әдемі де, әсерлі әңгіменің арқауы болып, көрігін қыздыратын шақ. Оқу ордасында талай дос тауып, әзілің жарасып, құрбы-құрдаспен күліп-ойнап өтетін күндерің де көп. Сәні мен салтанаты, мәні мен мағынасы мол өмірдің кейіпкерлері – студенттердің әр күні мерекедей өтсе де, күнтізбеде белгіленген өзіндік мейрамдары да бар. Ол - 17-қараша – Халықаралық Студенттер Күні. Бұл мерекені жоғары деңгейде атап өту үшін Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде Сарыағаш ауданы ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ және «Nur Otan» партиясы Сарыағаш аудандық филиалының ұйымдастырумен, аудандық мәслихаттың депутаты, «Nur Otan» партиясының фракция мүшесі, кәсіпкер, жастар жанашыры Әбдибаев Жомарт Махаматжанұлының қолдауымен «СТУДЕНТТІК АЛТЫН - ДӘУІРІМ» тақырыбында аудандық студенттік фестиваль өтті. Фестивальді өткізудегі мақсат студенттер күнін жоғары деңгейде атап өту, жастардың бойындағы мәдениеттілікті, рухани адамгершілікті, өнерге, білімге деген шығармашылық ізденістерін дамыту және дарынды жастарға қолдау көрсету болып табылады. Фестивальде Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Полатов Бақытжан Қалдыбекұлы мен «Nur Otan» партиясы Сарыағаш ауданы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қыстаубаев Құдірет Ибадуллаұлы студенттерді мерекелерімен құттықтап, үздік студенттерді және ұстаздарды арнайы аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.
Шара барысында Қапланбек жоғары аграрлық техникалық колледжі, Арыстанбаб жоғары колледжі, Абу Али Ибн Сина жоғары колледжі, Сарыағаш медресе колледждерінен келген өнерлі студенттер ән шырқап, би билеп, студенттік өмірден көріністер көрсетіп, көрерменнің көңілін көтерді.