«Арыстанбаб» колледжінде Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының нарколог дәрігері Азамат Бейсенов студенттермен кездесіп, нашақорлық, яғни қазіргі ХХІ ғасырдағы ең қауіпті кесел жайын әңгімелеп, жас өмірді әп-сәтте-ақ жалмап кететін тажалдан сақтануға шақырды. Нашақорлықтың шеңгеліне абайсызда ілініп қалғандардың тағдырынан бірнеше мысалдар келтіре отырып, болашағын бұлыңғыр етіп, ең қымбат – өмірден, ата-ана мен бауырдан, жанашыр жақындардан, қоғамнан, асқақ армандарынан айыратын есірткіге елітпеуге үндеді. «Бір-ақ рет татып көрем, болды» дегеннен де аулақ болуды ескертті. Өйткені, «бір көрудің» соңы сұмдық жолға жетелеп кететінін, жарты жолда қайтуға қауқары жетпей қалатынын, есірткінің күші адам күшінен әлдеқайда басым екенін түсіндірді. Сонымен қатар, «ел ертеңі – жастардың қолында» екенін еске салып, бойда жалын, күш-қуат тасып тұратын жастық дәуренде бос сенделіп жүрмей, жақсы істермен айналысып, халқымызды дамыған елдердегідей әлеуметтік әлеуеті жоғары болатын күндерге жеткізуге атсалысудың аса маңызды екенін айтты.