Колледжде «Күзгі балл» мерекесі ұйымдастырылды. Мерекеге қатысқан әр топ екі сыннан өтті. Алғашқы шартта күз бейнесін беретін сәнді киім үлгісін көрсетіп, екіншісінде өнердің түрлі жанрында бақ сынасты.
Думанды зал қызыққа толды: күз-арулар қатар тізіліп, көз сүйсіндірді; өнерлі жастар ән салып, би билеп, сахналық қойылым ұсынды. Тақырыбы сан алуан: жанды баурайтын ана туралы жыр, жетім қыздың зары (монолог), достықтың символы іспеттес ұлттық билер, өткен ғасыр мен қазіргі дәуірдің киім киісі мен биі, студенттік өмір қызықтары, тағысын-тағы.
Өнер сайысында қазақтың туы көтеріліп, қыран құсы қалықтаған көрініс елдік рухты көтерді. Сондай-ақ, ар-намысы биік қазақ қызының өсіп-кемелденуін: яғни бойжетіп, тұрмысқа шығып, бала сүйіп, аяулы жар, ардақты ана, одан бір әулеттің мейірімді әжесіне, ұрпағының қамқоршысына айналатын әзіз бейнесін сомдап, ондағы әр қимылды әдемі ән, әсерлі сөзбен әрлеген қойылым ерекше есте қалды.