15 қарашада «Арыстанбаб» жоғары колледжінде «Жұмыс беруші күні» өтті. Мақсат – кадр даярлау сапасын арттыру.
Оқу орны ұйымдастырған аталмыш шарада арнайы шақырылған жұмыс берушілер мен әлеуметтік серіктестер алдымен колледждің оқу базасымен танысып шықты, Одан кейін думан залда бас қосып, өзара пікір алмаса отырып, білім беру мекемесінің гуманитарлық және медициналық бөлімдері басшыларының арнайы сөзін тыңдады. Бөлім басшылары оқу мен тәжірибенің егіз ұғым екенін тілге тиек ете, мұнда дәріс алып жүрген әр студенттің өндірістік тәжірибеден өтуі аса маңызды екеніне тоқталып, алдағы уақытта да «бір мүдде, бір мақсат, бір болашақты» діттеген Қазақстан аталатын ортақ Отанымыз үшін ынтымақтаса еңбек етуге шақырды. Соңынан бірқатар жылдардан бері тығыз байланыста қызмет етіп келе жатқан әлеуметтік серіктестерге ризашылық білдіріліп, Алғыс хаттар табысталды.
Бұл шарадан студенттер де қалыс қалмай, оқу мен тәжірибеден үйренгендерін көпшілік назарына ұсынды. Игі шара тиімді келіссөздерге ұласты.