Бір қарағанда, осы өмірде тұрақты ештеңе жоқтай көрінеді. Бірақ бар. Өзгермейтін дүние бар. Ол - әке-шешенің перзентіне деген махаббаты. Өйткені, бала - өмірдің мәні: ата-ананың жаны, соғып тұрған жүрегі. Сосын да "Бала - бауыр етің" деген болар атам қазақ. Демек, біз іздеген, әсіресе мұңайған сәттерде миымызды жеткізе алмай, басымызды қатыратын қу тірліктің мағынасы осында. Осынау жалғанның қызығы үрім-бұтақ жалғасында, ұрпақ сабақтастығында жатыр. Ал, мағына - өміршең, мән - мәңгі.
Бала ата-ананың бары: байлығы, бақыты, болашағы десек, бүкіл жұртымыздың қуанышы, келешегі, елдің ертеңі - білім-тәрбие орталықтарында тәлім алып жатқан жас ұрпақ. Сондықтан да жастардың толыққанды жетілуіне дәл қазіргі қоғам ынты-шынтысымен бәйек болуы тиіс. Дәлірек айтқанда, мұндай қайырлы іске дәуірдің аға буыны жауапты. Яғни келер күні Отанымыздың тірегіне айналар, одан кейінгі толқынға жөн сілтер осы таңның әр баласын көзден таса етпей, ойдан бір сәт шығармай, ата дәстүрмен өсіру - үлкендердің міндеті. Міндет үдесінен шығу - құзырлы мекемелерге, жауапты мамандарға, қала берді жалпыға сын.
«Арыстанбаб» колледжінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұмагүл Құрманованың ұйымдастыруымен ата-аналар жиналысы өтті. Онда өзекті мәселе талқыланды: бала тәрбиесі мен қоғамдық тәртіп туралы пікірлесіп, ойларын ортаға салды, елдің ертеңін құрар бүгінгі жастарды ата-баба жолымен жетілдіруге үндеді.