Бұл күні балалардың зияткерлік әлеуетін, ақыл-ойын дамыту мақсатында мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, жырлар мен эпостардан үзінділер айтылады.
Зияткерлік күніне орай Сарыағаш қаласы “Арыстанбаб” жоғары колледжінде жастардың санасын дамытуға бағытталған, дәстүрлі қазақ мәдениетін дәріптейтін мерекелік іс-шара өткізілді.
Қазақ халқы сөзбен түзеп, көзбен тәрбиелеген ұлы халық қой. Даналығы мен даралығы, тәрбиесі мен өнегесі сөзінде көмкерілген. Ендеше, бүгінгі күннің тақырыбына сай бала туралы мақал-мәтелдерге тоқталып өтейік.
Бала өсірген ата-ана
Бала болып ойнайды.
Бала оқытқан ұстаздар
Бала болып ойлайды.
Балапанды торғайлар
Өрт болмасын деп тілейді.
Балаларға аналар
Дерт қонбасын деп тілейді.
Болар елдің баласы он бесінде «Баспын» дер,
Болмас елдің баласы отыз бесте «Жаспын» дер.
Жалғыз ұлы бар кісінің шығар-шықпас жаны бар,
Екі ұлы бар кісінің өкпе-бауыр, жалы бар,
Үш ұлы бар кісінің бұқарада малы бар, қорасында қолы бар,
Төрт ұлы бар кісінің аспаннан салған жолы бар.