КӨРІСУ КҮНІ

Наурыздың 14-і «Көрісу күні» деп аталады. Ал халық арасында Наурыз мейрамын қарсы алу осы күннен басталады.

Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады. Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін, бір-бірімен қауышатын мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін күні.

Бүгін колледжімізде Наурыз мерекесінің он күндігінің бастауы – Көрісу күніне арналған «Наурызнама бастауы – көрісу күні» атты мерекелік шара өтті.

Біздің “Арыстанбаб” жоғары колледжінің ұстаздары мен студенттері қазақы салтты ұстана отырып, «Көрісу» күнінің нақышын келтіре қамзол- шапан киініп, бір-біріне жылы лебіздерін білдірді.

Шарада колледжіміздің басшысы Асанов Арыслан ағайымыз барша ұстаздар мен студенттерді Наурыз мерекесімен, сондай-ақ Көрісу күнімен құттықтады.

Мерекелік шара барысында өнерлі ақжаулықты әжелеріміздің қатысуымен Көрісу күнінің мән-мағынасын түсіндіретін қойылымдар көрсетіліп, Наурызға арналған әсем әуендер шырқалды.

Рухымыз биік, іргеміз берік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Құрметті ұстаздар мен студенттер алдағы уақытта барша топтар арасында салт-дәстүрлер бойынша жарыстар болатынын хабарлаймыз!!!

Ұрпаққа берілетін ең өзекті тәрбиеге өз еліміздің салт-дәстүрлері тұғыр болуы тиіс.