АДАМЗАТТЫҢ АЛЫБЫМЕН БІРГЕ

АДАМЗАТТЫҢ АЛЫБЫМЕН БІРГЕ

    «Арыстанбаб» колледжі «Сарыағаш» шипажайының салтанат залында қазақтың тау тұлғасы Мұхтар Шахановтың 80 жасқа толу құрметіне байланысты «Үлкен арман керек екен адамға» атты сырлы да салиқалы кездесу кешін өткізді. Колледж бастамасына қолдау танытып, Сарыағаш ауданы әкімдігі алаш айбыны, адамзаттың алыбына арналған думанды жүздесудің ұрпаққа өнеге берердей жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысты.

   Алғашқы сөзді алған аудан әкімі Мұхит Баймұханбетұлы Отаршиев:

   - Мұхтар Шаханов әлемнің екінші ұстазы, ұлы Әл-Фараби шыққан қазақтың қасиетті жері Отырар топырағында туды. Ағаны ерте жастан-ақ әлемге әйгілеген, бар қазаққа қадірлі еткен екі қыры: рухты жырлары мен азаматтық үні.

   Ақын жырларынан жатқа оқитынымыз көп. Өлеңдерінің өзі оқуға, жаттауға сұранып тұрады. Өйткені, оқырман ойымен үндес. Қазір «Кім айтты саған, тұлпарды сүрінбейді деп» деп бастасам, осында отырған кез келгеніңіз жалғастырып әкетесіз. Терең тебіреніспен, биік рухпен оқылатын ер Махамбет, төрт ана туралы толғаныстарын айтсаңызшы! Әл-Фарабидей «Үлкен болып қалу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға» немесе «Кез келгеннің уысына түспейтін, кез келгеннің бақшасында піспейтін, зор махаббат тілейінші мен саған» деп келетін өлең жолдары көкейімізге ұялап қалғаны сонша, өз жүрегіміз жырлап тұрғандай сезінеміз. Мұндай мысалдарды жалғастыра беруге болатынын білесіздер, әрине. Мұхтар Шаханов өр рухты жырларымен қатар азаматтық бастамаларымен де адамзаттың досына айналды. Туған тіл, халықтық діл, адамзаттық мәселелерде үні жарқын шықты, әрдайым ұлттық дәстүр мен ұрпақ сабақтастығын қолдады, әз Наурыздың қоғамға қайта орнығуы жолында аянбады, Желтоқсан оқиғасында әділеттілікті талап етті. Иә, Мұхтар аға еш уақытта әділетсіздіктің сойылын соққан жоқ. Әр кез «шындық» деп шырылдады. Сонысымен де қадірлі, сонысымен де әзіз. Сол себепті де еліне сыйлы, орны әрқашан төрде.

   Осындай абыроймен жеткен 80 жасыңыз құтты болсын, Мұхтар аға. Халқыңызбен бірге жасай беріңіз!

   Мұхтар аға, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстанның Еңбек ері» атағынан бастап, өзімізде де, өзге елде де, соның ішінде өркениеті өскен алпауыт мемлекеттерден де алған атақ-даңқтарыңыз жетіп-артылады. Бірақ бізге сол атақтардың бәрінен де жай ғана «Мұхтар Шаханов» деген сіздің аты-жөніңіз биік, анағұрлым ыстық, жүрегімізге жақын көрінеді.

   Бүгінгі мерейлі кешіңізбен шын жүректен құттықтай отырып, өзіңізге зор денсаулық, ұзақ та баянды ғұмыр тілейміз! Әрдайымғыдай халқыңызбен бірге бола беріңіз! – деп, жүрекжарды лебізін жеткізді, сый-сияпатын ұсынды.

   Өмір бойы бар алашына, адамзатқа адалдығынан танбаған азаматтың Мәскеу төрінде қазақ жастарын, желтоқсаншыларды қорғап сөйлеген сөзі түсірілген таспа көрсетіліп, әсерлі басталған кеш барысында ақынның отты өлеңдері оқылды, «Төрт ана», «Жігерлендіру», «Гималай жолбарыстары», т.б. туындыларын үлкен-кіші жатқа оқыды, сахнаға сегіз жастағы бала да шықты таңдайы тақылдап, «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Бала махаббат» секілді қайталанбас әндері салынып, әдемі әуенге тыңдарман жаны толқып, бірге әуелете тербеліп отырды. «Туған күн кешінде»-ні зал толы халық хормен шырқап, дуылдата қол соғып, кеш басында орындарынан тұрып, ерекше қошеметтеп қарсы алып, кеш соңында да тура солай – орындарынан тұрып, бар ықылас-бейілмен қол соғып, қимай шығарып салды. Жүздерінде - ақынның өзі жырлағандай, «Есте қалсын мәңгі бұл күн» деген тілек.

    Жүректерге нұр құйған кездесуді түйіндеу үшін, сахна төріне шақырылған «Арыстанбаб» колледжі директоры Арслан Арынұлы алдымызда отырған аңыз адамның бүкіл елдің көкейінде жатталып қалатын азулы жырларымен қатар, өмір бойы ұлттық мүддені қорғаудағы көзсіз ерліктерімен де қадірлі екеніне тоқталды. Сонымен қатар, «Бір ауыз сөзбен айтқанда, аңыз адамға, халқының бағына туған азаматқа қандай құрмет көрсетсек те, жарасады. Аса қадірменді қазақтың Мұхтар Шахановы! Сіз әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби туған қасиетті Отырар топырағында дүниеге келіп, жойқын жырларыңызбен, азаматтық үніңізбен әлемді жауладыңыз, ізгі ниетіңізбен адамзаттың алыбына айналдыңыз! Бұл – біз үшін зор мақтаныш.

   Өйткені Сіз - Халық күрескерісіз! Қарақан басыңыз үшін емес, қара орман халқыңыз үшін жасаған ерліктеріңіз – замандасқа, кейінгі жасқа үлгі. Туған тіл мәртебесін асыру, ұлттық дәстүрді дәріптеу, ұрпақ сабақтастығы жолындағы табанды еңбегіңізді ел ұмытпайды. Ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесін алуы, ұлттық мереке – әз Наурызбен қайта қауышу, Желтоқсан оқиғасына әділ баға беру секілді аса маңызды мәселелерде Өзіңізге төнген қауіпке қарамастан, соңына дейін күрескеніңіз және ел мерейін үстем еткеніңіз әлі талай ұрпағымызды тәрбиелейді. 

   Қадірменді Мұхтар аға! Бүгінгі 80 жасыңыз құтты болып, алдағы 90, 100, 100-ден асқан жастарыңызда да жаныңыз егіз жаратылған өз жұртыңызбен бірге аман-есен жүре беріңіз!» деп, арнайы дайындаған сыйлығын ұсынды. Сөз соңынан өзі де өлең оқып, ұйып тыңдаған көрерменнің ду қол соққан ризашылығына бөленді.

   Көрерменді тағы бір риза еткен дүние - домбыраның ғажап үні, күйдің күмбірі екенін көрдік: сарыағаштық үш жігіт пен шипажайда демалып жатқан елордалық, яғни Астана филармониясының үш қызының жасаған күй тартысы; Құдай-ау, не құдірет, өне бойымыз күмбірлеп, тіпті бүкіл залды алып, таңғажайып әлемге еніп кеткендей күй кештік. Қос ішекті қазақтың домбырасынан асқан аспап, қазақтың күйінен асқан музыка жоқтай көрінді. Сол бір - адам жанын баурап алар сиқырлы саз сахна төріндегі қыз-жігіттердің саусағынан төгіліп жатқандай, құдды. Иә, бұл сәттің көпке дейін естен шықпасы анық, шипажай туристерінің өз еліне барғанда айтар әңгімесінің арқауы болары сөзсіз.

   Кеш аяқтала бере, қалың қауым қаумалап, аңыз адаммен бірге таласа-тармаса суретке түсіп жатты. Кіре берісте адамзат игілігіне қызмет еткен алып бейнеленген үлкен баннер де суретке түсушілерден көпке дейін босамады.  Мәңгі есте қалар күнді ұйымдастырған «Арыстанбаб» колледжіне аудан басшысынан бастап, бәрі-бәрі ризашылығын білдіріп тарасты.