ЖОЛДАУДАН – ЖАСТАР САЯСАТЫНА

Сарыағаш аудандық жастар ресурстық орталығы «Арыстанбаб» жоғары колледжінде студенттермен кездесті. Орталық басшысы Нұрғали Отаров мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 1 қыркүйек күні халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбындағы жолдауын түсіндірді. Жолдаудағы басым бағыттарды атап, жастар саясатын жүргізудің тиімді жолдарын көрсеткен бас құжаттың маңызына назар аудартты. Баланың жарқын болашағы үшін құйылатын инвестиция – Ұлттық қордан тиетін үлестің бұрын-соңды болмаған жағымды жаңалық екені айтылды. Сондай-ақ, Президенттің «алдымен, халық сенімі керек» деген сөзін еске салып, мемлекеттік қызметте, ел басқаруда, шетелдермен қарым-қатынаста аса тәжірибелі басшымызды әр кез қолдауға шақырды.

Сонымен қатар, жастар орталығы мамандары «Серпін», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» секілді жас буынға керекті бағдарламалар туралы және Еріктілер қатарына қосылудың жайын баяндады. Дінтанушы маман студенттердің есінде сақталып қалатындай әңгіме-дүкен құрды: діннің жақсылыққа, имандылыққа, тазалыққа бастайтынын баса айтып, жамандыққа, ұрыс-соғысқа, ата-анаға қарсы тұруға үндейтін дүниенің бәрі дінге қайшы екенін ұғындырды, ата-ана мен білім-тәлім үйреткен ұстаздың сөзі діни сенімнен де биік тұратынын түсіндірді.

Келелі кездесу тақырыбын «Арыстанбаб» жоғары колледжі директоры Арслан Асанов түйіндеді.