БІЛІМ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ

Біліктілік арттыру курстары

БІЛІМ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ

   Ұстаздық еткеннің «болдым-толдым» дегені жоқ.  Қашан, мейлі қай уақыт: кез келген – мектеп не колледж, не жоғары оқу орнында болсын, ұлт ұрпағына білім беріп жүрген мамандар тыным тапқан емес. Әр күнгі дәрісі өз алдына, келер апта, келесі ай, алдағы жылдары не істейтінін ойша жоспарлап, одан кейінгі әр қадамы қиялда түзілген жоспарларын біртіндеп жүзеге асыруға бағытталады. Ал жоспарлар дәрістің сандары мен күндерінен гөрі мазмұны мен сапасына көңіл аударудан тұратыны айтпаса да түсінікті.

   Иә, расында да, қазіргі зымыраған заман көшінен мұғалім қалып қоймауы тиіс. Өйткені, дәуір талабы сол - жаңа шыққан технология мен оқытудың тиімді әдістерін игеру, ең қажетті білімді анықтау, мықты маман дайындау, әр баланы болашақта Қазақстанға қызмет ете алатындай азамат деңгейіне жетелеу, тағысын-тағы. Осындай сан салалы, жауапкершілігі жоғары жұмысты еңсере алған ағартушы ғана абыройлы маман деңгейіне көтерілмек.

   Абыройлы маман, яғни әр педагогтен білікті ұстаз бейнесін қалыптастыруда «Арыстанбаб» жоғары колледжі әрдайым бар мүмкіндікті қарастырады. Бұл бағытта оқу құралдары мен техникалық жабдықтарын түгендеумен қатар, мұғалімдер білігін арттыру курсын ұдайы ұйымдастырып отырады. Дәл қазіргі таңда білім ордасында өтіп жатқан «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім беру процесін академиялық дербестікті есепке ала отырып модельдеу» білім беру бағдарламасы  бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру курсы – сөзіміздің айғағы. Курс дәріскері - «Талап» коммерциялық емес акционерлік қоғамы өкілі Арысбаева Оразкүл Ілиясқызы.

   Курс шеңберінде колледж педагогтері академиялық дербестікте білім берудің соңғы, жаңа үлгілерімен танысты. Қазақстан Республикасы Оқу ағарту министрлігі ұсынған орта арнаулы білімнің үш: жалпы білім беру пәндері, базалық және кәсіби модульдерінің әрқайсысының жұмыс жоспарлары мен оқыту бағдарламаларын тиімді жасау жолдарын меңгерді. Инклюзивті білім берудің қыр-сырын үйренді. Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары, білім беру бағдарламалары мен жұмыстық оқу жоспарларын әзірлеу және олардың құрылымы, мазмұны, оқу сағаттарының көлемі мен оны семестрлерге бөлу, білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі, шәкірттердің даярлық деңгейі мен оқу уақытына қойылатын талаптар, журнал толтыру, бақылау  алу, емтихан, кешенді емтихан өткізу, аралық және қорытынды аттестаттауды өткізу ережелері де назардан тыс қалмай, сол сияқты өндірістік оқыту мен кәсіптік практика, кәсіби шеберлікті бағалауға негізделген WorldSkills жай-жапсары да оқытылды.

   Оқу, мұғалім ғана емес, басқа да сан сала мамандарының үздіксіз білім алуы, тәжірибесін жетілдіріп, заманауи ілімді игеруі, техникалық құралдардың тілін меңгеруі, өсуге ұмтылуы – ел өркениетінің, мемлекеттің кемел келешегінің кепілі. Сондықтан да, әр қазақстандық бір мүддені көздеп, бір мақсатқа ұмтылса, болашақтың жарқын болары сөзсіз.